№ 61 «Шолпан» балабақшасында 2020-2023 жылдары «Бестемше» ұлттық ойыны эксперименттік алаң ретінде қолданылды. Бағдарламамен жұмыс жасау барысында ерекше балалар ойынға қызығушылық танытқаны байқалды. Сол себепті ойынның жаңа, бейімделген формасы-«Сәулелі тастар» ойыны енгізілді.
Тәжірибе барысында балалардың қызығушылықтары жоғарылап, танымдық қабілеттері қалыптаса бастады. Балалардың ой-өрісін дамыту үшін оқу іс-әрекеттерді ойын арқылы өткізудің маңызы зор. Ойын баланың танымдық қабілетін арттырады. Ойын барысында әр бала тастарды санау, түстеріне қарай ажырату, ретімен орналастыру және қозғалыс бағытын сақтау тапсырмаларын орындайды. Бұл әрекеттер баланың зейінін шоғырландырып, көру арқылы қабылдауын және ұсақ моторикасын дамытуға бағытталған.
«Сәулелі тастар» ойыны ұлттық «Бестемше» ойынының негізінде әзірленген және де ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған дамытушы ойын болып табылады.
«Сәулелі тастар» ойыны балаларды кезек сақтауға, бір-бірін күтуге және өзара қарым-қатынас жасауға үйретеді. Ойын үдерісі баланың эмоциялық жай-күйін тұрақтандырып, өзіне деген сенімділігін арттырады.
Бұл ойын – ұлттық тәрбие мен инклюзивті білім беруді үйлестіретін тиімді педагогикалық тәжірибе.
Жарыстың өту барысы
«Сәулелі тастар» ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 10 отау, 50 тастар тұрады. Ойын барысында әр ойыншыға бір қазан, бес отау және 25 тастан тиесілі. Тастар әр отауға бес-бестен салынады. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды.
Жарысқа қажетті құрал-жабдықтар
Сәулелі бестемше тақтасы (10 отау, 2 қазан).
50 тас (әр ойыншыға 25-тен).